Бүгін - ерекше күн. Бұл - жылдар бойы жинаған білімнің, төгілген тер мен қажырлы еңбектің нәтижесін қуанышпен атап өтетін ұмытылмас сәт. Колледжімізді 151 студент сәтті аяқтап дипломдарын алып, жас маман атанды. Оның ішінде 11 студент үздік деген атқа лайық деп танылды. Белсенді студенттеріміз бен ата - аналары арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Қонақтарымызға әндер шырқалып тамаша көңіл - күй сыйлады.
Медицина колледжінің қабырғасында тәлім алып, ақ халат киюге алғашқы қадам жасаған түлектеріміз - бүгін үлкен өмірге жолдама алып отыр.
Бұл - тек мамандық емес, бұл - миссия.
Көпке көмек қолын созатын, мейірім мен жанашырлықты серік еткен нағыз абзал жандар жолына қадам бастыңыздар.
Сіздерді бүгінгі қуанышты күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Жолдарыңыз ашық болсын, абыройларыңыз асқақ болсын!
Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, білімдеріңіз бен жүрек жылуларыңызды ел игілігіне жұмсай білетін білікті де білгір маман болуларыңызға тілектеспіз.
Түлектерімізге сәт - сапар, жарқын болашақ тілейміз!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады!
Ақорда Жарлығында: «2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялансын! Қазақстан Республикасының Үкіметі Жұмысшы мамандықтарының жылын өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдасын. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін», - делінген.

Президент осыған дейін:
«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!», - деген еді.

Ал еңбек адамы деген кім?
Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін адам! Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адам – еңбек адамы! Ол - дихан бола ма, ол - малшы бола ма, ол - жазушы бола ма, бәрібір. Маңдай терін салып жұмыс істеген әрбір адам – қадірлі!