Гимн – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Гимн ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.

 

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.

 

Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

 

Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті.

Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев


Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов


Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!

 

Қайырмасы:


Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

 
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!


Қайырмасы:


Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады!
Ақорда Жарлығында: «2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялансын! Қазақстан Республикасының Үкіметі Жұмысшы мамандықтарының жылын өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдасын. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін», - делінген.

Президент осыған дейін:
«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!», - деген еді.

Ал еңбек адамы деген кім?
Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін адам! Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адам – еңбек адамы! Ол - дихан бола ма, ол - малшы бола ма, ол - жазушы бола ма, бәрібір. Маңдай терін салып жұмыс істеген әрбір адам – қадірлі!