Кентау колледжінде 05.06.2025 ж. Электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеу жөнінде Кентау қаласының Мансап орталығының қызметкерлерімен бірлескен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Түлектер мен студенттерге заманауи еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді түсіндіру мақсатында электронды еңбек биржасы (enbek.kz) платформасы арқылы жұмыс іздеу жолдары туралы ақпараттық - түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Шара барысында қатысушыларға сайтқа тіркелу, түйіндеме жасау, бос жұмыс орындарын іздеу, онлайн сұхбатқа қатысу және жұмыс берушімен байланысу тәртіптері таныстырылды. Сонымен қатар, порталдың “Жастар практикасы”, “Алғашқы жұмыс орны”, “Қоғамдық жұмыстар” сынды мемлекеттік бағдарламалары түсіндірілді.
Түсіндірме жұмысы жастардың еңбекке ерте араласуына, өз мамандығы бойынша жұмыс табуына бағытталған.
Мақсат - түлектерді цифрлық платформа арқылы жұмысқа орналасуға дағдыландыру және еңбек нарығына бейімдеу.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады!
Ақорда Жарлығында: «2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялансын! Қазақстан Республикасының Үкіметі Жұмысшы мамандықтарының жылын өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдасын. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін», - делінген.

Президент осыған дейін:
«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!», - деген еді.

Ал еңбек адамы деген кім?
Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін адам! Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адам – еңбек адамы! Ол - дихан бола ма, ол - малшы бола ма, ол - жазушы бола ма, бәрібір. Маңдай терін салып жұмыс істеген әрбір адам – қадірлі!