19 наурыз - Жаңару күні. Наурызнама онкүндігінің алтыншы күні «өмірдің жаңаруын» бейнелейді. Бүгін ел аумағында ағаш отырғызылады. Бұл дәстүр Қазақстанның жаңару кезеңін, дамуы мен гүлденуін бейнелейді. Қазақ халқы үшін Наурыз мейрамы тек қуанышты тойлау ғана емес, өткенді саралап, болашаққа жоспар құрудың уақыты. Еске салайық, былтырдан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлау жаңаша сипатқа ие болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады!
Ақорда Жарлығында: «2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялансын! Қазақстан Республикасының Үкіметі Жұмысшы мамандықтарының жылын өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдасын. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін», - делінген.

Президент осыған дейін:
«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!», - деген еді.

Ал еңбек адамы деген кім?
Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін адам! Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адам – еңбек адамы! Ол - дихан бола ма, ол - малшы бола ма, ол - жазушы бола ма, бәрібір. Маңдай терін салып жұмыс істеген әрбір адам – қадірлі!